Сатылым бар, ал пайда жоқ: бизнесте ақша қайда кетеді

Кәсіпкер есептерді қарап отыр
Бизнес дамып келеді: тапсырыстар түсіп жатыр, команда жұмыс істеп жатыр, ақша келіп жатыр. Бәрі тамаша сияқты, тек пайда жоқтың қасы, ал кейде кассалық алшақтықтар болып тұрады. Мұндай жағдайларға жаңадан бастағандар ғана емес, тәжірибелі бизнестер де тап болады. Өзіңізді тексеріңіз: мұндай қателіктер жібермейсіз бе және бизнесіңізге шығын қаупі төнбей ме.

Шығынды қызметтер немесе жобалар

Кәсіпкерлер клиенттің барлық қажеттілігін «бір терезе» режимінде бірден жабу үшін немесе қызметтердің біреуі бойынша тапсырыстар азайып кеткен жағдайда сақтанып қою үшін жиі бірнеше қызмет көрсетеді.

Қызметтер әртүрлі пайда әкелуі мүмкін, өйткені біреуіне өз ресурстары жеткілікті және уақыт шығыны аз, екіншісіне қосымша мердігерлер тарту керек, үшіншісі — қызметкерлердің үнемі қатысуын талап етеді және көп уақыт алады. Қызметтердің бірі пайда әкелуі, екіншісі нөлге жұмыс істеуі, ал үшіншісі — шығынды болуы мүмкін.

Егер кәсіпкер әр қызмет бойынша есеп жүргізбесе, қай қызметтің өзіне тиімсіз екенін ұзақ уақыт байқамай жүруі мүмкін.
Мысалы, «Окошко» компаниясы терезе орнатумен, әйнектеумен, балкондарды жөндеумен және әрлеумен айналысады. Бұрын компания барлық тапсырысты ала беретін, бірақ есептеулерден кейін барлық қызмет бірдей пайда әкелмейтіні анықталды. Балкондарды таза әрлеу көп уақыт алатын, клиенттер материалдарды ұзақ таңдап, саудаласатын. Бұл кезең көп уақыт пен күш алып, ең аз пайда әкелетін. Одан бас тартуды шешті.
Нақты жобалармен немесе клиенттермен де осындай жағдай болуы мүмкін.

Қалай анықтап, жоюға болады

Компанияға не тиімді, ал не тек уақыт пен ресурсты алатынын түсіну үшін әр қызмет бойынша басқарушылық есеп жүргізу міндетті.

Әр жобаны бастамас бұрын оны іске асыруға қандай ресурстар қажет екенін кем дегенде шамамен есептеп алған жөн: қандай қызметкерлерді қанша уақытқа тарту керек, міндеттемелерді орындау үшін қосымша мердігерлер керек пе, қандай материалдар қажет болады, қандай пайда аласыз. Сонда бұл жоба сізге тиімді ме, әлде оның орнына арзанырақ, бірақ тиімдірек 2-3 жобаны алған дұрыс па, соны көре аласыз.

Үлкен дебиторлық берешек

Көптеген кәсіпкерлер сатып алушы материалдар немесе жұмыстар үшін 30-45 күнге, тіпті бірнеше айға кейінге қалдырып төлей алатын шарттар жасасады. Сатып алушылар көп болса, әрқайсысымен есеп айырысуды қадағалау қиын, адал емес сатып алушылар мұны пайдаланып, әдейі төлем жасамауы мүмкін. Ал дебиторлық берешекті есепке алмайтын адал жеткізуші жүк жөнелтуді және жұмыстарды орындауды жалғастыра беруі мүмкін.
Мысалы, «Стройдом» құрылыс компаниясы құрылысты аяқтады, бірақ тапсырыс беруші орындалған жұмыстар үшін 2 айдан кейін төлейді. Демек, қазір «Стройдом» құрылысшылар бригадасына өз қалтасынан төлеуі керек. Егер бұл жалғыз жағдай болса, компания мәселені басқа жобалардың қаражаты есебінен шеше алады. Ал егер бұл тұрақты тәжірибе болса, жұмыстар орындалған, бірақ компанияда ақша жоқ кезде кассалық алшақтық туындауы мүмкін. Сонда несие алып, оның пайызын да төлеуге тура келеді, әйтпесе компания жұмысында тоқырау болады.

Қалай анықтап, жоюға болады

Әр клиент бойынша дебиторлық берешекті есепке алу міндетті.

Көрсетілген қызметтер үшін төлемді бірнеше бөлікке бөлуге болады: тапсырыс берушіге толық соманы төлеу қиын, ал бөліп төлеу — еш қиындықсыз болатын жағдайлар жиі кездеседі. Төлемдер туралы міндетті түрде еске салып отыру керек, өйткені тапсырыс беруші есеп жүргізбеуі және төлемді жай ғана ұмытып кетуі мүмкін.

re:Kassa — мәңгі тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелгеннен кейін бірден кассалық аппарат сатып алмай-ақ төлем қабылдап, чек беріңіз

Сатылымда маржасы төмен тауарларға басымдық беру

Компания өз тауарларының қайсысы ең көп пайда әкелетінін білмейтін жағдайлар болады, сондықтан жарнама пайдасыз тауарларға бағытталуы мүмкін. Бұл жағдайда сатылым көлемі үлкен, ал пайда ең аз болады.

Қалай анықтап, жоюға болады

Қандай тауарларды сату ең тиімді екенін және барынша көп пайда алу үшін жарнама мен жылжытуды қалай құру керегін түсіну үшін барлық тауарлардың маржиналдығын есептеу.
Мысалы, «Незабудка» гүл дүкенінің иесі қандай гүлдерді сату өзіне ең тиімді екенін есептеп көруді шешті. Есептеулерден кейін крафт қаптаманы сату ең тиімді болып шықты: сатып алғанда қағаз тиын-тебен тұрады, ал әдемі қаптамадағы гүл шоғын едәуір үстеме бағамен сатуға болады.

Нәтижесінде дүкенде гүл шоқтарын қаптауды белсендірек ұсына бастады және жаңа бағыт — сыйлықтарды қаптауды қосты.

Қоймадағы тым көп қор

Кейде қоймадағы тауарлар айлап сақталады. Біріншіден, бұл өлі жүк болып жатқан және пайда әкелмейтін ақша. Екіншіден, ұзақ сақталу нәтижесінде тауарлардың бір бөлігі тауарлық түрін жоғалтады, бүлінеді, құнын жоғалтады, сәннен шығады (бұл тіпті құрылыс материалдарына да қатысты). Үшіншіден, жаңадан сатып алынған тауарларды сақтау үшін қойма үй-жайларын ұлғайтуға тура келеді.
«Эспрессо» кофеханасының иесі кофенің үлкен партиясын сатып алды, өйткені мұндай партияның бағасы төменірек болатын. Нәтижесінде ол тым көп қаражатты «тоңазытып» қойғаны, ал үй-жайдың жалдау ақысын төлейтін ақша қалмағаны белгілі болды. Ал кофе бағасындағы айырма соншалықты елеулі емес еді, оны кейінірек те сатып алуға әбден болатын.

Қалай анықтап, жоюға болады

Қоймада қандай тауарлар бар екенін және олардың қандай күйде екенін көру үшін тұрақты түрде түгендеу жүргізу. Содан кейін тауардың неге сатылмағанын және онымен қазір не істеуге болатынын талдау. Мүмкін, ақшаны босатып, қойма үй-жайларының жалдау ақысын азайту үшін арзандатып сату ұйымдастырған жөн шығар.

Кейін талдау нәтижелеріне сүйене отырып, сатып алуға деген көзқарасты өзгерту қажет: партиялардың көлемін азайту, тауар номенклатурасын өзгерту, жеткізушіні ауыстыру, басқа үй-жай таңдау және т. б.

Сервистер мен қызметтер үшін артық төлеу

Әр бизнестің шығыстары бар: салықтар, үй-жай жалдау ақысы, сервистерге жазылым, банк қызметтеріне төлем және т. б.

Екі-үш жыл бұрын тиімді болған шешім қазір негізсіз қымбат болып шығуы мүмкін. Мысалы, арзанырақ әрі ыңғайлырақ сервис пайда болды немесе ол сізге мүлдем керек емес. Таңдалған салық салу режимі ең қолайлы болмай шығуы мүмкін, сондықтан сіз салықты артық төлеп жүрсіз.
«Стройматериалы» компаниясы екі жыл бұрын қойма жалға алған. Орналасқан жері біршама ыңғайлы, ал жалдау ақысы қолайлы болатын. Қазір қалада жаңа жол айрығы салынып, орналасқан жері өзектілігін жоғалтты, бірақ жалға беруші жалдау ақысын төмендетуге келіспейді.

Қалай анықтап, жоюға болады

Барлық шығыстарды, тіпті шағындарын да есепке алу. Барлық жазылымдар мен сервистер сізге керек пе, соны тұрақты талдап отыру. Нарықта «ескілерден» ыңғайлырақ, қуаттырақ және тиімдірек жаңа өнімдер үнемі пайда болып жатады. Мүмкін, қазір пайдаланып жүрген сервисіңіздің қарапайымырақ әрі тиімдірек тарифтері сізге сай келер.

Жеткізушілеріңіздің бәсекелестеріне қараңыз: мүмкін, біреуі тиімдірек шарттар мен бағалар ұсынатын шығар. Салық салу режимдерін зерделеңіз, мүмкін, қолайлырағына көшкен жөн.
Ал айыппұл алмау үшін ЖК-ға арналған салықтар мен төлемдер туралы жадынаманы жүктеп алыңыз — онда әр салық салу режимі үшін барлық салықтар мен төлемдер төлеу мерзімдерімен бірге жиналған.
Бизнес ақша ағып кететін «елекке» айналмауы үшін, тіпті микробизнесіңіз болса да, есеп жүргізу міндетті. Бастау үшін кестелерді қолданып көруге болады, бірақ деректерді есепке алып қана қоймай, талдауға және сезім мен болжамға емес, объективті деректерге негізделген дұрыс шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаларды пайдаланған дұрыс.

re:Kassa — мәңгі тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелгеннен кейін бірден кассалық аппарат сатып алмай-ақ төлем қабылдап, чек беріңіз