ЖК әлде ЖШС. Қазақстанда бизнес ашу үшін қайсысын таңдаған дұрыс?

ЖК мен ЖШС арасындағы негізгі айырмашылықтарды, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін қарастырып, бизнесіңізге тіркеудің қай нысаны қолайлы екенін түсінуге көмектесеміз.
ЖК-ға арналған салық салу режимдері
Қазақстанда бизнес ашқанда алғашқы қадамдардың бірі — ұйымдық-құқықтық нысанды таңдау: жеке кәсіпкерлік (ЖК) немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС). Құрылымды дұрыс таңдау бизнесті табысты жүргізу үшін маңызды, өйткені ол салық жүктемесіне, жауапкершілікке, даму перспективаларына және күнделікті басқару процестеріне әсер етеді.

ЖК мен ЖШС арасындағы негізгі айырмашылықтар

Жеке кәсіпкерлік (ЖК) — бұл бір жеке тұлғаға тиесілі бизнес, ол өз қызметі үшін толық жауапкершілік көтереді. Басқарудың бұл нысаны әкімшілік тұрғыдан оңайлатылған және шағын кәсіпорындар мен шағын бизнеске лайық.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (ЖШС) — бұл заңды тұлға, онда құрылтайшылардың жауапкершілігі жарғылық капитал мөлшерімен шектеледі. ЖШС күрделірек есептілікті талап етеді және көбінесе ауқымды дамуды және инвестиция тартуды жоспарлайтын компаниялар таңдайды.

Негізгі айырмашылықтар иелердің жауапкершілік көлемінде, салық міндеттемелерінде, басқару құрылымында және бизнесті кеңейту мүмкіндіктерінде.

ЖК-ның артықшылықтары мен кемшіліктері

ЖК ашудың артықшылықтары

Оңайлатылған тіркеу
ЖК ретінде 15 минут ішінде тіркелуге болады — ешқандай құжат, жарғы және т. б. қажет емес.

Ең аз әкімшілік талаптар
Арнаулы салық режимдеріндегі жеке кәсіпкерлердің бухгалтерлік және салық есептілігінің көлемі аз.

Шешім қабылдауда және табысқа билік етуде барынша икемділік
Жеке кәсіпкер — бизнестегі жалғыз басқарушы. Ал табыс тікелей кәсіпкерге тиесілі, сондықтан пайданы дивидендтер арқылы бөлмей немесе серіктестер алдында есеп бермей-ақ оңай пайдалануға болады.

Төмен салық мөлшерлемелері
ЖК арнаулы салық режимдерін қолдана алады, бұл бизнес жүргізудің басқа нысандарымен салыстырғанда салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

ЖК-ның ықтимал кемшіліктері

Қазақстанда ЖК тіркеудің ескеру қажет кейбір кемшіліктері де бар:

Жеке мүліктік жауапкершілік
ЖК иесі бизнестің борыштары мен міндеттемелері үшін толық жауап береді. Борыш болған жағдайда кредиторлар кәсіпкердің жеке мүлкіне талап қоя алады.

Инвестиция тартудың шектеулі мүмкіндіктері
ЖК-ға ірі инвесторларды тарту қиын, өйткені заң жүзінде бизнес иесінің жеке мүлкінен бөлінбеген, ал нысанның өзі үлестер немесе акциялар шығаруды көздемейді.

Ауқымды кеңейтудегі қиындықтар
Бизнес өсіп, айтарлықтай салымдарды немесе қызметкерлер штатын көбейтуді талап ете бастаса, ЖК онша ыңғайлы нысан болмай қалады.

Серіктестер мен банктер алдындағы шектеулі бедел
ЖШС бизнестің сенімдірек әрі тұрақты нысаны ретінде қабылданады, сондықтан ЖК ірі келісімшарттар жасасу немесе несие алу үшін онша тартымды емес.

Бизнесті сатудың қиындығы
ЖК бір тұлғаға тіркелгендіктен, оны үлестерді беру арқылы жеке бизнес ретінде сату мүмкін емес, бұл активтерді сату немесе беру процесін қиындатады.

ЖК қашан ең жақсы таңдау болады

ЖК тәуекелі мен инвестициялық талаптары аз шағын бизнеске, мысалы фриланс, сауда, шағын сервистік компаниялар және жеке кәсіпкерліктің басқа түрлеріне жақсы сай келеді.

ЖК-ның артықшылықтары мен кемшіліктері

ЖШС тіркеудің ықтимал артықшылықтары

Бизнесті біріктіру
ЖШС басқа компаниялармен бірігу және қосылу мәмілелеріне қатыса алады, бұл өсу мен нарықтағы позицияны нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бірнеше құрылтайшымен серіктестік
Заң пайданы (дивидендтерді) бөлу тәртібін нақты реттейді, сондықтан бұл бірлескен кәсіпкерлік үшін тартымды нысан.

Шетелдік қатысушылар
ЖШС құрылтайшылары Қазақстан азаматтары да, шетел азаматтары да бола алады, бұл халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Кеңейту және ауқымды өсу
ЖШС филиалдар ашып, ауқымын ұлғайта алады, сондықтан ол жаңа белестерге шығу үшін ыңғайлы нысан.

Жақсы бедел
Компанияның бұл нысаны серіктестердің, инвесторлардың және банктердің сенімін тудырады, бұл келісімшарттар мен шарттар жасасқанда әсіресе маңызды.

Шектеулі жауапкершілік
ЖШС құрылтайшылары компанияның борыштары үшін жеке жауап бермейді және тек жарғылық капиталға салған үлесі мөлшерінде ғана тәуекел етеді.

Бизнесті толық немесе ішінара сату мүмкіндігі
Сіз бизнесіңізді дамытып, кейін оны толық немесе ішінара сатуды қарастыра аласыз. Бұл істен шыққысы немесе компаниядағы үлесін бергісі келетіндерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Ал ЖК-ны, мысалы, сату мүмкін емес, өйткені ол иесінің атына тіркеледі.

ЖШС-ның ықтимал кемшіліктері

Мемлекеттік тіркеу
ШКС-ға жатпайтын серіктестіктер үшін мемлекеттік тіркеу процесі күрделірек әрі көбірек уақыт алады.

Жоғары салық мөлшерлемелері
Егер серіктестік шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (ШКС) жатпаса, ол ЖК-ға қарағанда жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлейді.

Салық төлеудің күрделілігі
ШКС-ға жатпайтын ЖШС үшін жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша салық төлеу процесі күрделі болуы мүмкін және бухгалтерлік есептерді жасауда қиындық тудырады.

Бюрократиялық талаптар
ЖК-дан айырмашылығы, ЖШС статистикалық есептерді үнемі тапсыруға міндетті.
Сонымен қатар ЖШС нотариат куәландырған көптеген құжаттарды, оның ішінде құрылтай құжаттарын жинап, ресімдеуі керек. Әр көшірме нотариатта куәландырылып, қол қойылып, банк мөрлерімен бекітілуі тиіс.

Жарғылық капитал
Серіктестік қатысушылары кәсіпорынның жарғылық капиталына қаражат салуға міндетті. Жарғылық капиталдың ең аз мөлшері — 100 АЕК (2025 жылы 393 200 теңге).

Оңайлатылған режимдегі ЖШС нөлдік жарғылық капиталмен тіркеледі.

ЖШС қашан ең жақсы таңдау болады

ЖШС ірі жобалар, серіктестік бизнес, тәуекелі жоғары және капиталды көп қажет ететін салалар үшін, сондай-ақ сыртқы инвестиция тартуға және кеңейюге бағытталған компаниялар үшін оңтайлы.

re:Kassa — мәңгі тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелген бойда касса аппаратын сатып алмай-ақ төлем қабылдап, чек беріңіз

ЖК мен ЖШС-ға қойылатын заңдық талаптардағы айырмашылықтар

ЖК тіркеу үшін ең аз құжаттар жиынтығы қажет, ал тіркеу тезірек өтеді.

ЖШС-ға жарғы, жарғылық капитал (шағын бизнес субъектілерінен басқа) және компанияның бірнеше иесі болса, құрылтай шарты қажет.

ЖК мен ЖШС-ның салық міндеттемелері

Қазақстандағы ЖК арнаулы салық режимдерін қолдана алады, бұл жүктемені төмендетіп, есептілік көлемін азайтады.

АСР-дағы ЖК үшін салық мөлшерлемелері — режимге қарай табыстың 1−3%.

ЖБР-дағы ЖК де салықты аз төлейді — пайданың 10%.
Арнаулы салық режимдеріндегі ЖК бухгалтерлік есеп жүргізу міндетінен босатылған. ЖБР-дағы ЖК толық есеп жүргізеді.
ЖШС бухгалтерлік есепті кеңірек жүргізуге және салық есептілігін жиірек тапсыруға міндетті, бизнестің ауқымына қарай оған корпоративтік табыс салығы мен ҚҚС кіруі мүмкін.

ЖБР-дағы ЖШС үшін КТС мөлшерлемесі — шығыстарды шегергендегі табыстың 20%.
ЖШС үшін компания табысының 3% мөлшерлемесімен оңайлатылған салық режимі бар, бірақ бұл жағдайда компанияға да ЖК-дағыдай шектеулер қойылады.

ЖК мен ЖШС-да бухгалтерия жүргізу ерекшеліктері

Оңайлатылған салық салу жүйесін пайдаланса, ЖК бухгалтериясыз-ақ жұмыс істей алады.

ЖШС толық бухгалтерлік есеп жүргізуге және тиісті органдарға есеп тапсыруға міндетті.

ЖК мен ЖШС-ны тіркеу процесі

ЖК қалай ашылады

Біз ЖК тіркеу бойынша толық қадамдық нұсқаулықты жазғанбыз, қысқаша рәсім былай көрінеді:

  1. Кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабарламаны «Электрондық үкімет» порталы немесе банк қосымшасы, мысалы, Kaspi немесе Halyk bank арқылы беріңіз.
  2. ЖК қызметінің түрін көрсетіңіз.
  3. Салық режимін таңдаңыз (арнаулы режимдерде шектеулер бар, тіркелмес бұрын олармен танысып шығыңыз)
  4. Тіркеу туралы хабарламаны (талонды) алыңыз.

ЖШС тіркеу бойынша қадамдық нұсқаулық


  1. Қажетті ақпаратты жинап, құжаттарды дайындаңыз: болашақ заңды тұлғаның атауы, құрылтайшылардың деректері және заңды мекенжай.
  2. Құжаттарды дайындаңыз: құру туралы шешім, жарғы және құрылтай шарты — болған жағдайда.
  3. Заңды тұлғаны тіркеуге eGov.kz порталы арқылы онлайн-өтініш беріңіз. ЖШС-ны онлайн тіркеу қызметіне компанияның банк шотын ашу және сақтандыру шартын жасасу кіреді.
  4. Мемлекеттік бажды төлеңіз (талап етілсе). Егер ЖШС — шағын кәсіпкерлік субъектісі болса, тіркеу тегін.
  5. Өтініш қаралғаннан кейін тіркеу туралы куәлік аласыз.

Компанияның банк шоты ашылғаннан кейін қажет болса, жарғылық капиталды (кемінде 100 теңге) салу керек.
Деректер (атауы, жаңа құрылтайшы, бас директор) өзгерген жағдайда ЖШС-ны қайта тіркеу қажет.
ЖШС тіркеу бойынша толық нұсқаулық мұнда >>

Тіркеу мерзімі мен құны

ЖК
Жеке кәсіпкер ретінде бір жұмыс күні ішінде тіркелуге болады — бұл тегін.

ЖШС
Егер компания шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің талаптарына сай келсе және eGov порталы арқылы тіркелсе, Қазақстанда ЖШС тіркеу тегін болуы мүмкін. Қызмет көрсету мерзімі — 1 сағат ішінде.

Ірі компаниялар үшін, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкіметте» тіркелгенде ақы алынуы мүмкін. Ресімдеу уақыты — заңды тұлғаның түріне және шетелдік қатысудың бар-жоғына қарай 1 жұмыс күнінен бірнеше күнге дейін. Шарттар туралы толық ақпаратты мына жерден табуға болады.

Табысқа билік ету: ЖК мен ЖШС-дағы айырмашылықтар

ЖК иесі табысқа шектеусіз билік ете алады, өйткені компанияның барлық қаражаты тікелей оған тиесілі.

ЖШС-да пайда құрылтайшылар арасында үлестеріне қарай бөлінеді. Пайданы бөлу туралы шешімдер қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданады.

ЖК мен ЖШС үшін бизнесті кеңейту

Шектеулі жауапкершілік пен инвесторларды тарту мүмкіндігінің арқасында ЖШС кеңеюге көбірек мүмкіндік береді, ал ЖК иесінің жеке инвестиция мүмкіндіктерімен шектеледі.

Инвесторлар ЖШС-ға қаражат салуға жиірек дайын, өйткені бұл заңды тұлғаның жарғылық капиталы бар және олардың мүдделерін қорғай алады.

Ірі немесе жылдам өсіп келе жатқан жобалар үшін ЖШС-ның артықшылығы көбірек, ал ЖК шағын бизнес пен тұрақты табысқа бағдарланған кәсіпкерлер үшін оңтайлы болып қала береді.

Бизнесіңізге дұрыс нысанды қалай таңдауға болады?

ЖК мен ЖШС арасында таңдағанда капитал көлемі, жауапкершілік, даму жоспарлары және әкімшілік жүктемеге дайындық деңгейі сияқты факторларды ескеру маңызды. Өзіңізге мына сұрақтарды қойыңыз:
  • Инвесторларды тартуды жоспарлап отырмын ба?
  • Бизнесімнің тәуекел деңгейі қандай?
  • Толық мүліктік жауапкершілікті өз мойныма алуға дайынмын ба?
ЖК мен ЖШС түрлі мүмкіндіктер ұсынады және әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Олардың арасындағы таңдау бизнестің мақсаттарына, ауқымына және тәуекел дәрежесіне байланысты. ЖК басқаруда қарапайымдылық пен икемділік іздейтіндерге, ал ЖШС — инвестор тартуды және сенімді басқару құрылымын қажет ететін ауқымды әрі перспективалы жобаларға лайық.

Жиі қойылатын сұрақтар

ЖК-дан ЖШС-ға қашан көшу керек?
Бизнес жылдам өсіп, инвестиция, серіктестер немесе қызметкерлер тарту қажеттігі туғанда ЖК-дан ЖШС-ға көшу өзекті болады.

Сондай-ақ жоғары тәуекелді қызметпен айналысуды жоспарласаңыз, ЖШС-ға көшуді қарастырған жөн, өйткені ЖШС құрылтайшылардың жауапкершілігін жарғылық капитал мөлшерімен шектеп, олардың жеке мүлкін қорғайды. ЖК үшін қызмет түрлері бойынша шектеулерді де ұмытпаған жөн.

ЖШС кредиторлар мен серіктестер үшін тартымдырақ, сондықтан кеңейіп, жаңа деңгейге шығуды көздейтін компаниялар көбінесе дәл осы нысанды таңдайды.
ЖК мен ЖШС-ны бір мезгілде иеленуге бола ма?
Иә, Қазақстан заңнамасы ЖК-ны да, ЖШС-ны да бір мезгілде иеленуге мүмкіндік береді. Мысалы, ЖК-ны бір саладағы жеке кәсіпкерлік қызмет үшін, ал ЖШС-ны — серіктестікті немесе күрделірек құрылымды талап ететін бизнестің басқа түрі үшін пайдалана аласыз. Бұл бизнесті икемді басқаруға және салық жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
ЖШС қандай салықтар төлейді?
Бұл ЖШС-ның қай санатқа — шағын, орта немесе ірі бизнес субъектілеріне жататынына байланысты. Қазақстанда ЖШС (шағын бизнес субъектілері) үшін де оңайлатылған салық режимі бар, бұл жағдайда салық мөлшерлемесі оңайлатылған режимдегі ЖК-дағыдай — табыстың 3%.

Ал жалпыға бірдей белгіленген режимдегі ЖШС үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) — расталған шығыстарды шегергендегі компания табысының 20%.

Негізгі салықтардан бөлек, ЖШС мүлік, көлік, жер (болған жағдайда) салықтарын төлейді. Сондай-ақ айналым 20 000 АЕК-тен (2025 жылға шамамен 78,6 млн теңге) асқанда 12% ҚҚС төлейді.

Компанияда қызметкерлер болса, ЖШС олар үшін зейнетақы және әлеуметтік жарналарды да төлеуге міндетті.
ЖШС-ны қызметкерсіз ашуға бола ма?
Иә, ЖШС-ны қызметкер жалдамай-ақ ашып, тіркеуге болады. Бірақ компанияда кемінде бір қызметкер болады — ол бас директор. Онсыз компания жұмыс істей алмайды.
Табыс болмаған жағдайда ЖШС салық төлей ме?
Кезең ішінде табыс болмаса да, ЖШС қызметкерлердің жалақысынан салықтар мен жарналарды төлейді. Салықтар тек қызмет тоқтатыла тұрған жағдайда ғана төленбейді.

re:Kassa — мәңгі тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелген бойда касса аппаратын сатып алмай-ақ төлем қабылдап, чек беріңіз