2025 жылы Қазақстанда ЖК қалай ашуға болады?

2024 жылы Қазақстанда ЖК қалай ашуға болады?
Жеке кәсіпкер (ЖК) болып тіркелу заңды түрде кәсіп жүргізуге, зейнетақымен қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйелеріне қатысуға мүмкіндік береді. 2025 жылы Қазақстанда ЖК ашу процесін толығырақ қарастырайық.

Қазақстандағы ЖК: нені білу керек?

Жеке кәсіпкер — заңды тұлға құрмай өз кәсіпкерлік қызметін дербес ұйымдастыратын жеке тұлға. Бұл мәртебе түрлі қызмет түрлеріне — дүкендерге, сұлулық салондарына, жеке мамандарға, фрилансерлерге және т.б. лайық.

ЖК болып мыналар тіркеле алады:
  • Қазақстан азаматтары,
  • қандастар,
  • ҚР аумағында тұрақты тұратын және тұруға ықтиярхаты бар Ресей Федерациясы, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан азаматтары.
Егер кәсіпкер өз бетімен жұмыс істесе, яғни жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбаса және жылдық табысы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспаса, ЖК мәртебесін алмай жұмыс істеуге болады.

2025 жылы 1 ЕТЖ = 85 000 теңге

ЖК ашудың артықшылықтары мен кемшіліктері

Жеке кәсіпкер болып тіркелудің артықшылықтары

  • Заңды кәсіпкерлік қызмет. Тіпті қайта-қайта жасалған банк аударымдарының өзі банк шоттарының бұғатталуына және салық органы тарапынан сұрақтар тууына себеп болмайды.
  • Айналымды ұлғайту — компаниялардың бәрі жеке тұлғалармен АҚС шарты бойынша жұмыс істеуге дайын емес, мысалы, жарналар төлеу міндетіне байланысты.
  • Еңбек өтілін, зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды есептеу. Яғни, зейнетке шыққанда кәсіпкерлік қызметтің барлық жылы есепке алынады, оның үстіне әлеуметтік аударымдардың арқасында ЖК бала күтіміне байланысты демалыс пен балаға арналған төлемдерді рәсімдей алады.
  • Табыс салығының ең төменгі мөлшерлемесі — түрлі салық режимдерінде 1-ден 10%-ға дейін. ЖК ашпай және кәсіпкерлік қызметпен айналыспай, жеке тұлғалар 10% салық төлейді, алайда олардың зейнетақы және әлеуметтік аударымдары, еңбек өтілі және т.б. болмайды.

Қазақстандағы ЖК кемшіліктері

Жеке кәсіпкер болып тіркелудің кемшіліктері шартты деуге болады:
  • ЖК кем дегенде бастапқы есепті жүргізуі, салық есептілігін уақтылы тапсыруы және салық төлеуі керек. Алайда түрлі АСР-дағы ЖК үшін жеңілдіктер біршама көп, өз күшіңізбен-ақ үлгеруге болады. Ал ЖББ режиміндегі ЖК бухгалтерсіз немесе бухгалтерлік есепті аутсорсингке бермей жұмыс істей алмайды.
  • Кәсіпкер мойнына алған міндеттемелері бойынша барлық мүлкімен, соның ішінде жылжымайтын мүлкімен, автокөліктерімен және т.б. жауап береді — ЖК мәртебесі жоқ кез келген жеке тұлға сияқты.
  • Табыс болмаған кезде де медициналық сақтандыруға жарналар (МӘМС жарналары) төлеу қажеттігі.
МӘМС жарналары — ЖК табыс болмаған жағдайда да төлейтін әлеуметтік жарналардың жалғыз түрі. Бұл кәсіпкерге медицина мекемелеріне жүгінуге және МӘМС-ке кіретін қызметтердің барлық пакетін пайдалануға құқық береді.

Егер кәсіпкер ешқандай жарна төлегісі келмесе, ЖК қызметін тоқтата тұру керек немесе кәсіпкер әйел жүкті болған жағдайда, бала күтіміне байланысты демалыс рәсімдеу керек, бұл жағдайда әйелдің медициналық сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.

— Анара, бухгалтер

ЖК тіркеу шарттары

Екі жағдайда ЖК ашпай болмайды. Біріншіден, сіз жұмыскер жалдауды жоспарлап отырсаңыз. Екіншіден, жылдық табысыңыз 12 ЕТЖ-дан асса.

Бұл талаптарды елемеу заңсыз қызметке және 2000 АЕК-ке дейін (7,8 млн теңгеден астам) айыппұл салуға әкелуі мүмкін.

2025 жылы АЕК - 3932 теңге

Қазақстанда ЖК ашуға болмайтын жағдайлар

Жеке кәсіпкерлерге қойылатын шектеулер онша көп емес. ЖК мына қызмет түрлерімен айналыса алмайды:
  • дәрілік заттар өндірісіне және есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымына байланысты;
  • сақтандыру, банк (оның ішінде валюта айырбастау және ломбардтар), брокерлік және аудиторлық;
  • күзет;
  • адамдар мен жүктерді әуе тасымалына байланысты;
  • ойын бизнесі және лотерея өткізу саласындағы;
  • қару өндірісіне немесе саудасына байланысты;
  • акцизделетін өнімдерді өндіру және/немесе көтерме саудада өткізу бойынша;
  • астық қабылдау пункттерінде астық сақтау бойынша
Осы қызмет түрлерінің бәрі заңды тұлғаны тіркеуді және тиісті лицензиялар алуды талап етеді.
Жеке кәсіпкер болып тіркелуге болмайтын тағы бірнеше шектеуді атап өткен жөн:
  • мемлекеттік қызметтегі лауазым (депутаттар, судьялар, прокурорлар және т.б.);
  • сот тыйымының болуы;
  • ЕАЭО елдері мен Тәжікстан азаматтығынан басқа шетел азаматтығы;
  • 18 жасқа дейінгі жас, кейбір ерекшеліктерді қоспағанда, мысалы, толық әрекет қабілеттілігін алған жағдайда. Сонымен қатар, 16 жастан бастап ата-анасының екеуінің де келісімін алып, ЖК ашуға болады.

— Анара, бухгалтер

ЖК тіркемей кәсіпкер болуға бола ма

Жылдық табыс 12 ЕТЖ-дан асқанда және жалдамалы еңбекті пайдаланғанда кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз жүргізгені үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Салық төлеуден жалтарғаны үшін айыппұл төленбеген салық сомасының 200%-ын, ал қайталап бұзған жағдайда — 300%-ын құрайды.

re:Kassa — әрқашан тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелгеннен кейін кассалық аппаратты сатып алмай-ақ бірден төлемдерді қабылдап, чектер беріңіз

Қазақстанда ЖК қалай тіркеуге болады?

ЖК-ны бірнеше минутта онлайн ашуға болады, мысалы, мыналардың көмегімен
  • «Қазақстанның электрондық үкіметі» egov.kz порталы;
  • «ҚР электрондық лицензиялау» elicense.kz порталы арқылы;
  • банктердің мобильді қосымшалары арқылы.
2017 жылдан бастап Қазақстанда ЖК тіркеу туралы куәліктер берілмейді, өйткені рәсімнің өзі қазір хабарлама сипатында жүреді. Кәсіпкер мәртебесін Тіркеу туралы хабарлама немесе ЖК тіркеу туралы талон растайды. Хабарламаны алған сәттен бастап кәсіп жүргізуге болады.

ЖК тіркеуден бас тартуға мыналар себеп болуы мүмкін:

  • тыйым салынған қызмет түрлерімен айналысу;
  • кәсіпкерлік қызметпен айналысуға сот тыйымының болуы;
  • бұрын тіркелген ЖК-ның болуы.

ЖК тіркеу тәртібі

№ 1 нұсқа: Мемлекеттік порталдарда ЖК ашу

ЖК-ны «Қазақстанның электрондық үкіметі» egov.kz немесе «Электрондық лицензиялау» elicense.kz сайттарында тіркеуге болады, ол үшін ЭЦҚ қажет.

egov.kz порталында тіркелу

Басты бетте «Бизнеске» → «Бизнесті тіркеу және дамыту» тармағын таңдаңыз
Egov-та тіркелу
Әрі қарай «Бизнесті тіркеу және жою» → «Жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарлама» тармағын таңдаңыз.
eGov порталы, «Бизнесті тіркеу және жою» бөлімі
«Қызметке онлайн тапсырыс беру» түймесін басыңыз. Ресурс сізді www.elicense.kz электрондық лицензиялау порталының «Сервис» → «Сервистік пункттер» бөліміне бағыттайды.

«Жеке кәсіпкер ретінде бизнесті бастағаны туралы хабарлама» → «Қызметке онлайн тапсырыс беру» тармағын таңдаңыз.

Қажетті мәліметтерді (атауы, мекенжайы, ЭҚЖЖ және т.б.) көрсете отырып, өтінішті толтырыңыз және оған ЭЦҚ-мен қол қойыңыз.

Жеке кәсіпкер мәртебесінде тікелей elicense.kz порталында да тіркелуге болады.

№2 нұсқа: ЖК-ны e-Salyq Business мобильді қосымшасында тіркеу

Арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын АСР-да жұмыс істеуді жоспарлайтын ЖК үшін тамаша нұсқа.

Авторизациялау үшін ЭЦҚ алу, мобильді азаматтар базасында тіркелу немесе Digital ID шығару қажет.

№3 нұсқа: ЖК-ны Kaspi немесе Halyk bank банктерінің мобильді қосымшасында тіркеу

Жеке кәсіпкер ретінде қызмет бастағаныңыз туралы мемлекетті банк қосымшасында хабардар ету одан да оңай. Мәзірден «Мемлекеттік қызметтер» → «ЖК тіркеу» тармағын таңдап, смартфон экранындағы нұсқауларды орындаңыз.
Halyk Bank арқылы ЖК тіркеу
Halyk Bank қосымшасы арқылы ЖК тіркеу осылай көрінеді. Kaspi қосымшасында — осыған ұқсас
Процесс сәтті өтсе, сервисте тіркеу туралы хабарлама аласыз. Қажет болса, банк қосымшаларында ЖК үшін ағымдағы шот та ашуға болады.

ЖК үшін салық салу режимін қалай таңдауға болады

ЖК үшін салық салу режимін қалай таңдауға болады
Жеке кәсіпкерді тіркегенде салық салу режимін таңдау қажет.

Қазақстанда ЖК үшін бірнеше салық салу режимі бар. Режимді таңдау мыналарға байланысты:
  • қызмет түріне;
  • жалдамалы қызметкерлер санына;
  • кәсіпкердің кірістері мен шығыстарына;
  • компанияның құрылымдық ұйымдастырылуына (филиалдардың болуы).
Шарттарға қарай кәсіпкер мыналарды таңдай алады:
  • жалпыға бірдей белгіленген режим (ЖББ);
  • арнаулы салық режимдерінің (АСР) бірі.
Тиісті салық салу режимін қалай таңдауға болатыны туралы егжей-тегжейлі басқа материалда айтып бердік >>
Бұл мақалада салық режимдерінің ең негізгі сипаттамаларын келтіреміз.

ЖББ режиміндегі ЖК

Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жалдамалы жұмыскерлер саны мен табыс бойынша шектеулер жоқ, сонымен қатар қызмет түрлері бойынша шектеулер ең аз.
Жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ЖББ тым қатаң режим болуы мүмкін — толық бухгалтерлік есеп жүргізу қажет, ал ЖББ-дағы салықтар өзге режимдердегіден жоғары.

Алайда сіздің қызметіңіз жоғары шығыстарды көздесе, дәл ЖББ жалғыз дұрыс шешім болуы мүмкін, өйткені салық түскен кірістің бәрінен емес, пайдадан төленеді.

Қызмет түрлері бойынша шектеулер туралы да ұмытпаңыз — АСР-ды кез келген кәсіпкер қолдана алмайды.

— Анара, бухгалтер

ЖББ режиміндегі ЖК үшін пайда салығының мөлшерлемесі — 10%.

Бұл салықтан бөлек, кәсіпкер өзі және жұмыскерлері үшін әлеуметтік жарналарды, сондай-ақ мүлік салығын (бар болса) және ҚҚС-ты (лимиттен асқанда немесе ЕАЭО елдерінен импорттағанда) төлейді.
ЖК-ға арналған салықтар бойынша жадынаманы пайдаланыңыз — есеп тапсыру және төлемдерді төлеу мерзімдері туралы бәрі бір жерде >>

АСР-дағы ЖК

ҚР Салық кодексінің 678-бабына сәйкес, шарттар сақталған жағдайда салық төлеушілер мына арнаулы салық режимдерінің бірін таңдай алады:
  • патент негізіндегі АСР;
  • арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын АСР;
  • оңайлатылған декларация негізіндегі АСР;
  • тіркелген шегерімді пайдаланатын АСР;
  • бөлшек салық АСР.

Патент негізіндегі АСР

Жалдамалы еңбекті тартпай, өз бетімен қызмет көрсететін ЖК-ға қолайлы. Қызмет түрлерінің тізімі шектеулі (мына жерде >> танысуға болады).

Табыс лимиті — күнтізбелік жылға 3 528 АЕК-ке дейін.

Салық мөлшерлемесі — табыстан 1%.

Патент бойынша салықтар алдын ала, яғни ЖК қызметі басталғанға дейін төленеді.

ЖК тіркелгеннен кейін үш күн ішінде 911.00 декларациясын тапсырып, ЖК қызметінің бүкіл мерзіміне болжамды табысқа салықты (1%) және әлеуметтік жарналарды төлеу керек. Мерзімді ұзарту үшін алдыңғы патент аяқталғанға дейін барлық төлемдерді енгізіп, декларация тапсыру қажет.

Егер нақты табыс мәлімделгеннен жоғары болса, кәсіпкер айырмасын қосымша төлеуі керек. Төмен болса — қаражаттың бір бөлігін қайтарып алуға болады.
Салық мөлшерлемесі төмен болғанына қарамастан, патент жаңа бастаған ЖК үшін ең ыңғайлы режим емес — қызмет басталғанға дейін тым үлкен төлем енгізу керек.

Арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын АСР жақсы балама бола алады — патенттегідей қызмет түрлерімен айналысуға болады, ал салықтарды кейін төлейсіз.

— Анара, бухгалтер

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР

Жұмыскерлер саны 30 адамға дейінгі ЖК үшін.

Табыс лимиті:
  • ЖК ТИС пайдаланбаса, жартыжылдыққа 24 038 АЕК;
  • ТИС пайдаланса, жартыжылдыққа 94 086 АЕК (24 038 АЕК + 70 048 АЕК).
ТИС — үш компонентті интеграцияланған жүйе, ол POS-терминалды, онлайн-кассаны, сондай-ақ тауарларды есепке алуды (ERP) қамтиды.
Салық мөлшерлемесі — табыстан 3%.

Есептілікті жарты жылда бір рет тапсыру керек, жеке табыс және әлеуметтік салықтар да сол мерзімде төленеді. Өзі және жұмыскерлер үшін әлеуметтік жарналар ай сайын төленеді.
ЖК-ға арналған салықтар бойынша жадынаманы пайдаланыңыз — есеп тапсыру және төлемдерді төлеу мерзімдері туралы бәрі бір жерде >>

Тіркелген шегерімді пайдаланатын АСР

Жұмыскерлер саны 50 адамға дейінгі ЖК үшін.

Табыс лимиті — 144 184 АЕК-ке дейін.

Салық мөлшерлемесі — шегерімдерге азайтылған табыстан 10%.

Тіркелген шегерімді пайдаланатын АСР-дағы ЖК табыс лимиті жоғары бола тұра, оңайлатылған бухгалтерлік есеп жүргізе алады.

«Бөлшек салық» АСР

Жұмыскерлер саны 200 адамға дейінгі ЖК үшін.

Бұл режимде табыс пен жұмыскерлер санына қатысты шектеулер одан да аз, сонымен қатар осы АСР-дағы ЖК ҚҚС төлеуден босатылады.

Табыс лимиті — жылына 600 000 АЕК-ке дейін.

Салық мөлшерлемесі:
  • шегерімдерді пайдаланбайтын жеке тұлғалар, ЖК және заңды тұлғалар үшін 4%;
  • шегерімдерді пайдаланатын заңды тұлғалар үшін 8%.
Бұл режимде барлық төлемдер бойынша жеке бухгалтерлік есеп жүргізіп, тоқсан сайын есептілік тапсыру керек. Бөлшек салықтағы ЖК табыс салығы мен әлеуметтік салықты төлемейді.

Жұмыскерлер үшін салықтар

Егер ЖК жұмыскерлерді штатқа жалдаса, олар үшін ай сайын салықтар мен жарналар төлеу қажет — олар (басқаша көрсетілмесе) жалақы сомасынан есептеледі.
  • 10% — ЖТС
  • 10% — МЗЖ
  • 3,5% — әлеуметтік аударымдар
  • 3% — МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру)
  • 2% — МӘМС жарналары (медициналық сақтандыруға жарналар)
Кейбір салық режимдерінде жұмыс беруші жұмыскерлер үшін әлеуметтік салықты да төлейді — бұл туралы толығырақ осы мақалада жаздық.

Сондай-ақ ЖК жұмыскер үшін салықтарды бірыңғай төлеммен төлей алады — 2025 жылы 23,8% мөлшерлемесі бойынша, 2026 жылы - 24,8%.
ЖК-ға арналған салықтар бойынша жадынаманы пайдаланыңыз — есеп тапсыру және төлемдерді төлеу мерзімдері туралы бәрі бір жерде >>

Қандай ЖК БКМ мен POS-терминал пайдалануы керек

Қандай ЖК БКМ мен POS-терминал пайдалануы керек
2021 жылғы 1 шілдеден бастап белгілі бір қызмет түрлерімен айналысатын барлық жеке кәсіпкерлер POS-терминалдарды пайдалануға және/немесе жедел төлемдер жүйесі арқылы төлем қабылдауға міндетті.
Мына қызмет түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер POS-терминалды немесе жедел төлемдер жүйесін пайдалануға міндетті:
  • автокөліктер мен мотоциклдерді көтерме және бөлшек саудада сату, оларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету;
  • көтерме және бөлшек сауда;
  • қонақүй қызметтерін көрсету;
  • мейрамханалар, өзге де қоғамдық тамақтану және сусын беру орындарының қызметтерін көрсету;
  • әуе және теміржол көлігіне билеттер сату;
  • жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға жинау және сақтау қызметтерін көрсету, жүктерді тасымалдау бойынша қосалқы қызметтер;
  • туроператорлардың және туризм саласында қызмет көрсететін басқа да ұйымдардың (турагенттерден басқа) қызметі;
  • сақтандыру саласындағы қызмет;
  • денсаулық сақтау саласындағы қызмет;
  • білім беру саласындағы қызмет;
  • кинофильмдерді, бейне- және телевизиялық бағдарламаларды тарату, кинофильмдерді көрсету;
  • фитнес- және спорт клубтарының, дискотекалардың қызметі;
  • құмар ойындар мен бәс тігуді ұйымдастыру;
  • боулинг және бильярд қызметтерін көрсету.
2021 жылғы 1 шілдеден бастап белгілі бір қызмет түрлерімен айналысатын барлық жеке кәсіпкерлер POS-терминалдарды пайдалануға және/немесе жедел төлемдер жүйесі арқылы төлем қабылдауға міндетті.
Бірнеше ерекшелік бар, олардың ішінде мына кәсіпкерлер:
  • интернет жоқ жерде жұмыс істейтіндер (ККМ қолданудан босатылғандар тізімі — ҚР Салық кодексінің 110-бабында);
  • өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерімен және балық аулау өнімдерімен сауда жасайтындар;
  • стационарлық емес сауда объектілері арқылы қызмет жүргізетіндер;
  • төлемдерді тек ағымдағы шоттан ағымдағы шотқа қабылдайтындар.
POS-терминалдар мен жедел төлемдер жүйесінен басқа, кәсіпкерлерге онлайн-касса да қажет — бұл деректерді беру функциясы бар стационарлық аппарат немесе re:Kassa сияқты кез келген смартфонда жұмыс істейтін бұлттық сервис болуы мүмкін.
Онлайн-кассалардың қандай түрлері бар екені және олардың қандай артықшылықтары бар екені туралы мына жерде айтамыз >>

Қазақстанда ЖК қалай жабуға болады

ЖК жабу тәртібі кәсіпкердің қандай салық режимінде жұмыс істегеніне байланысты.
Мобильді қосымшаны пайдаланатын АСР-дағы ЖК-ны жабу ең оңай: салықтар мен жарналар бойынша соңғы төлемнен бастап 60 күн ішінде табыс болмаған жағдайда ЖК автоматты түрде есептен шығарылады.

Патенттегі ЖК да осыған ұқсас жабылады — егер кәсіпкер алдыңғы патенттің қолданылуы тоқтаған сәттен бастап 60 күн ішінде жаңа есеп-қисап бермесе, ЖК есептен шығарылады.

— Анара, бухгалтер

Сондай-ақ өз қызметін ресми түрде тоқтата тұрған кәсіпкерлер үшін ЖК-ны тіркеуден шығару рәсімі жеңілдетілген.

Басқа жағдайларда ЖК:
  • қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш беруі;
  • тарату салықтық есептілігін тапсыруы;
  • бақылау-касса машинасын (бар болса) есептен шығару туралы салықтық өтініш беруі керек.
Тарату салықтық есептілігі қандай кезеңге тапсырылады?

Салықтық кезеңнің басынан бастап қызметті тоқтату туралы өтініш берілген күнге дейін.

Мысалы, оңайлатылған режимдегі ЖК 27 қыркүйекте қызметті тоқтату туралы өтініш береді. Оңайлатылған режимде салықтық кезең — жартыжылдық. Демек, есепті екінші жартыжылдықтың басынан — 1 шілдеден — 27 қыркүйекке дейінгі кезеңге тапсыру қажет.

ЖК ашуға қатысты сұрақтарыңыз қалды ма? Жауабын мына тізімнен іздеп көріңіз

Қазақстанда ЖК ашуға қанша ақша керек?
Қазақстанда жеке кәсіпкер болып тіркелу тегін — ЖК-ны қандай тәсілмен тіркеуді шешкеніңізге қарамастан.
Қазақстан резиденті емес тұлға ЖК-ны қалай аша алады?
ЖК-ны тек Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан азаматтары ғана — қазақстандық тұруға ықтиярхаты болған жағдайда тіркей алады. Ашудың әрі қарайғы қадамдары Қазақстан азаматтарындағыдай болады.
Қазақстанда кімнің ЖК ашуға құқығы жоқ?
Мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген адамдар.
18 жасқа толмағандар, егер ата-анасының екеуінің де келісімі (16 жастан бастап) немесе сот арқылы толық әрекет қабілеттілігі танылмаса.

ЖК ретінде тіркелуге сот тыйымы бар тұлғалар.

ҚР-да тұруға ықтиярхаты бар және тұрақты тұратын Ресей Федерациясы, Беларусь, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан азаматтарынан басқа шетел азаматтары.

re:Kassa — әрқашан тегін онлайн-касса

re:Kassa-да тіркелгеннен кейін кассалық аппаратты сатып алмай-ақ бірден төлемдерді қабылдап, чектер беріңіз